Шымкент қаласының Әділет департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Балжан Әліпбектің төрағалығымен «Сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын-алу мен жолын кесу» тақырыбында онлайн семинар өтті.
Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстанның мемлекеттілікті нығайтудың стратегиялық маңызды мәселелерін айқындап, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге, жаңғыртуға бағытталған бес негізгі басымдылықты белгілеп берген болатын. Мұнда бесінші басымдықтың бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес.
Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғы шарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажеттілігін қызметкерлерге насихаттаған Әдеп уәкілі мұндай күрес қашан да қоғам мен мемлекет өмірінің барлық жақтарын реттеп отырумен тығыз байланыста екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің өзіндік ерекшелігі мемлекеттік қызметкердің сыртқы келбетіне ерекше талап қоя отырып, іскерлік адамның сыртқы келбеті – жетістікке жеткізудің бірінші қадамы, қоғам үшін мемлекеттік қызметкердің келбеті, сыпайылықтың дәрежесін куәландыратындығы айтылды.
Семинар соңында қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтау, қызметкерлерге қызметтік міндеттерін адал, сапалы атқару бойынша міндеттер жүктелді.