Ауызсудың айқайы ауыл түгілі мегаполис қалада да қат проблема екені жасырын емес. Бұл мәселе әсіресе қаланың Абай ауданы аумағында орналасқан Ынтымақ-2 шағынауданында өзекті болып отыр.
Осы кезге дейін тұрғындар ауыз суды сатып алып, тұтынып келеді. Жағдайды оңалтудың оңтайлы жолын қарастыратын уақыт жетті. Сондықтан Ынтымақ-2 шағынауданына су құбырын тарту үшін жобалық сметалық құжаттар дайындалып, қала қазынасынан 50 млн теңге қаржы қаралған.
Бүгінде мұндағы 10 көшеге су құбырлары тартылуда. Құрылыс жұмыстарын «Ахмет» ЖШС жүргізуде. Жұмыс сапасына кепілдік мерзімі – 5 жыл.
– Бұл мұқтаждық 2021 жылдың 2-жартыжылдығына жетпей шешіледі. Осындағы 3500 үй толықтай ауыз сумен қамтылатын болады»,- дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.
Ынтымақ-2 шағынауданына су құбырларын тарту жұмыстары мамыр айында басталған. Мердігер мекеме жұмысшы санын көбейтіп, ауыз су жүйесін белгіленген кестеден ерте бітіруді жоспарлап отыр.
Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті