Қасиетті кітабымыз Құранда: «Расында, қиындықпен бірге жеңілдік бар. Алла сендерге жеңілдік қалайды», – делінген. Аллаға шүкір, елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталып, халқымыз қалыпты өмір тіршілігіне ауыса бастады. Алайда карантин режимінің талаптарын әлі де сақтап, сақтық шараларына аса мән беруіміз қажет.
Карантин режимінің жұмсартылуына байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да еліміздегі мешіттердің жұмыстарын жандандырып келеді. Аллаға шүкір, мешіттердегі құлшылықтар жамағаттың қатысуымен екінті намазынан кейін карантин кезіндегі арнайы санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, жүзеге асатын болады.
Қазіргі уақытта белең алып тұрған індеттің әр өңірлерде таралу деңгейінің әртүрлілігіне орай алдағы уақытта әр өңір тұрғындарының денсаулығына жауап беретін жергілікті бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің оң шешімі негізінде жұма намазы оқылады.
Құлшылық кезінде мешіттерде жүзеге асатын санитарлық іс-шаралар тәртібі мен ережелерді басшылыққа алуларыңызды сұраймыз.
Сіз бен біздің еліміздегі вирустың алдын алуға бағытталған кешенді шараларды қатаң сақтауымыздың нәтижесі бұрынғы қалыпты құлшылықтарымызды тез арада қайта жасауға мүмкіндік туғызатынын түсінейік. Өзімізге қамқорлық – өзгелерге қамқорлық екенін естен шығармайық.
Алла Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, мешіттерімізді жамағатқа толтырып, берекелі, мерекелі сәттерде жүздесуді жазғай! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! — дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы