Дініміз бойынша білім алу – құлшылық болып табылады. Білім алу – бұл құлшылық, Құранды оқу мен оқығаныңды көңіліңе тоқу – құлшылық, тіпті білім алу үшін бір жерге баруыңның (мысалы, мектепке, университетке және т.б.) өзі – құлшылық.
Өзге бірде-бір дін немесе діни сенім, ислам секілді білім мен ғылымға көңіл бөлмейді. Дініміздегі білімнің маңыздылығын пайғамбарымызға (с.ғ.с) алғаш түскен Құран аяттарына қарап, білуге болады. Ол аяттарда:
«Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Сенің Раббың аса Жомарт. (Ол) қалам арқылы үйретті. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйретті» – деп айтылған.
Бұл аяттар арқылы Раббымыз барлық адамзатты білім алуға, ақыл-ойын дамытуға шақырады.
Бұл дегеніміз діни білім ғана емес, жағрафия, астрономия, биология сынды өзге де ғылымдармен танысу, оларды оқу деген сөз.
Сондай-ақ Құрандағы: «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» – аяты, білім иелерінің өзге адамдардан бір дәреже жоғары екендігін анық көрсетеді.
Бұл тұста Абай атамыздың «тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де бекершілік», – деген сөздері еріксіз еске түседі.
Жалпыға бірдей міндетке (парыз кифая) келсек, біздің ортамызда ислам ғылымдарын үздік білетін мұсылмандар болуы тиіс. Егер ондай кісілер болмаса, күнә бәрімізге жазылмақ. Бұл ұстанымды керісінше жағынан да қарастыруға болады. Біздің қоғамда барлық сала мамандары – дәрігерлер, мұғалімдер, құрылысшылар және тағы басқалары да болуы керек. Егер аталмыш мамандық иелері болмаса, тағы да күнә бәрімізге жазылады.
Әл-Фараби, Әл-Кинди, Әбу Әли Ибн Сина, Әл Хорезми сияқты ғұлама аталарымыз дініміздегі осы ұстанымды бойларына сіңіріп, түрлі ғылым салаларындағы керемет жетістіктерге жеткен. Олар өмір сүрген кезең – Ислам ғылымының алтын ғасыры деп бекер айтылмаса керек. Сол кездегі мұсылман ғалымдары ашқан жетістіктер қазіргі ғылымның негізі болып табылады десек, жалған айтқан болмаймыз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің келесі бір хадисінде:
«Бесіктен қабірге дейін білім алыңдар», – деп бұйырады.
Бұдан шығатыны, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сауаттылық пен білімділіктің маңызын жақсы түсінген. Ол өзінің сахабаларын білім алып, оны өзгелерге үйретуге үндеген. Ол ізбасарларын алған білімдеріне сай амал етіп, қоршаған ортадан Алланың көркем жасампаздығының белгілерін іздеуге шақырған.
Қорыта айтар болсақ, Құран Кәрімде де, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде де білімге ерекше көңіл бөлінген.
Әбдіғали Естай Айтуғанұлы Ақпарат көзі:Ihsan.kz