Жат діни ағымдарды дәстүрлі діндерден айыра білу – зайырлы қоғам жағдайында діни сауаттылық деңгейінің басты өлшемінің бірі болып табылады.
Кез келген діннің негізін иман (Жаратушыға жүрекпен нану) және тағат (сыртқы ғибадат) деген екі бөлік құрайды.
Дәстүрлі діннің ешбірі «қатігез бол, жамандық жаса» демейді. Егер мешітке намаз оқуға барып жүрген мектеп жасындағы немесе студент балаңыздың мінез-құлқынан қатігездік белгілері байқалса, айталық, ата-ананың тілін алудан бас тартса, оқу үлгерімі төмендесе, онда болды, бітті, мұны жат діни ағымның теріс ықпалы деуге әбден болады. Ал, егер оның ісінде қайырымдылық, жүзінде мейірімділік көбейсе, былайша айтқанда, жүрегі жұмсара бастаса, әңгіме мүлде басқа. Солай болуға тиісті қалыпты жағдай міне, осы. Өйткені, адам жүрегі Тәңіріні танып-білу, хикметін сезу арқылы жұмсарады.
Сонымен, жат ағымдардың әуелгі белгісі – адам жүрегіне төзімділік пен сүйіспеншіліктің емес, өзімшілдік пен қатігездіктің дәнін себуі. Айғақ іздеп, алысқа ат айдаудың қажеті шамалы, қазіргі таңда намаз оқып тұрған, өзін кәміл мұсылман, өзгелерді кәпір санайтын, түсі суық «салафист» діндарды кез келген мешіттен көзіңіз көреді. Шынында «кәпір» сөзінің араб тіліндегі төл мағынасы «мейірімсіз» (сауаты таяз кісі оның «дінсіз» деген терминдік мағынасын ғана біледі).
Шатақ діндерге тән келесі белгі – дәстүрлі дінді қабылдамай, оның жергілікті ерекшеліктеріне өре түрегеліп, қарсы тұруы.
Бұл христиандық және исламдық діни топтарға ортақ әрекет. Әрбірі өзінің «ілімін», Құдайға табыну рәсімдерін ұсынып әлек. Сол себепті олар сектаға жатады. Өкінішке қарай, қалыптасқан діни дәстүрді бұзуға, тәркі етуге бағытталған жаңашыл, төңкерісшіл рух жастардың қызығушылығын тудырып, ой-санасын тез жаулап алады.
Демек, Қазақстандағы діни ағымдардың қайсысы еліміздегі екі дәстүрлі дінді (ислам, православие) қабылдамаса, сол арқылы қоғам тұтастығына жік түсірсе, сол ағымды жат немесе шатақ дейміз. Дәстүрлі дінді терістеп, оның жамағатынан өздеріне мүше тарту әрекетін «прозелитизм» дейді.
Енді шын дінді шатақ діннен айырудың үшінші белгісіне келейік. Әр халыққа отбасылық және ұлттық құндылықтар тән. Егер қай дін, қай ағым болмасын жергілікті әдет-ғұрыпты сыйламаса, оларды сыртқа тебетін болса, бұл оның шатақ дін екенінің айқын айғағы. Ғылым тілінде бұл дертті «космополитизм» дейді.
Жалпысында, жаңа діни қозғалыс өкілдері өздерін Құдайдың әмірі мен ізгі хабарын таратушылармыз деп біледі. Сөйте тұра, әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан, мейірім, әділетке қызмет ететін салт-санасын, тәрбиелік жүйесін күйретіп жүргенін өздері де аңдамайды.
Теріс ағымдарға тән негізгі үш белгі – нышан осылар.
Қайталап айтқанда, Құдайға таза құлшылық қылу желеуімен адам санасына қатігездік идеясын (адамды туысынан, туған жерге сүйіспеншіліктен айыру) сіңдіру, бір діндегілерді «біз және олар» деп бөлу және ұлттық мәдениетті тәркі ету (космополиттік көзқарасты уағыздау) барлық секталар мен шатақ діндердің ортақ сипаты һәм қаруы болып табылады. Сондықтан, оларды әшкерелеу экстремизммен күресудің басты бағыты.
Қазақтың ағайыншылық қасиеті мыңдаған жылдар сақталды. Інжіл мен Құранды тек мейірімділік, әділет, ғылым жайлы аяттар ғана көктей өтеді. Ендеше бұлардан тыс идеяларды тықпалау, оларды қасақана бұрмалау білместік һәм киелі мәтінді теріс оқығандық болады.
Сөз соңы, зайырлы мемлекет тағатты емес, иманды бекіту, өсіруге мүдделі. Басқаша айтқанда, діндарлықтың орнына ғылымды және қоғамның интеллектуалдық байлығын арттыру маңызды. Сондай-ақ, осы заманның талабы – жастарды ғылым-білімге үйір қылу, адал еңбекке баулу екені талассыз ақиқат. Ақпарат көзі: baq.kz