Жат ағымның жетегіне еріп, ойы мен ұстанымы өзгерген адам өзге адамдардың өзіне айтқан дәйекті ақпаратын қабылдай алмайды.
Ол өзінің жаңа таныстарының барлық ережесіне бағынып, жүріс-тұрысына үйреніп, айналасындағы адамдардан оқшаулана бастайды. Санасына сансыз ақпараттарды сіңдіріп, қабылдатудан адам өмірлік бағыт-бағдарынан, ұстанымынан айырылады.
Жат ағым – топтар мен қозғалыстардың көрінісі. Белгілі бір негізгі діни бағыттарға қарағанда олар өздерінің тура жолда екеніне сенімді. Жат ағымдар үшін оның идеялогиялық принциптері, құндылықтары, ұстанымдары және өз рөлінің ерекшелігі туралы пікірі жоғары тұрады. Ұйымдардың топтағы өз мүшелеріне манипуляция жасауда және өз мүдделерін жүзеге асыруда оларға әдіс- тәсілдерді шексіз қолданады. Топта өз мүшелерінің жүріс-тұрысын, ойларын және эмоцияларын елеулі деңгейде қадағалап отырады. Бұл ұйым жаңадан келген адамды кез-келген бұйрықтарын орындайтындай деңгейге жеткізеді және діни ағымдардың өз әрекеттеріндегі келеңсіз істерге бағыттайды. Қауым мүшелеріне өздерінен бөлек жүрген адамдармен қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Көшеде, мешіттерде қарапайым адамдарды өздеріне тартып, оларға ақысыз түрде сабақ оқыту курстарын ұйымдастырып сенімге кіреді. «Қайырымдылық акциясы» деп өз мүшелерінен ақша жинап алады. Деструктивті топ тұлғаға, отбасына, қоғамға мемлекетке зиянын келтіреді және адам санасын улайды. Діни ағымдарға тән ерекшеліктер – құпиялылық.
Құпиялылық – түпкі мақсаттары мен іс-әрекеттерінің салдарын жасыру, ішкі өз мүшелеріне және сыртқа арналған екі мақсаттағы ережелерінің болуы, діни ағым мүшелерінің басқа ақпараттарды алуына мүмкіндік бермей, барынша шектеп ұстауы.
Дәстүрлі діндердің қасиетті кітаптарының мәтінін өз сенімдеріне сәйкес бұрмалап түсіндіріп, жаңылыстырады.
Қорыта айтқанда, еліміздің ақпараттық кеңістіктегі түрлі ақпаратты қадағалауды күшейтумен қатар балабақшаларда тұлға ретінде қалыптастыру, мектеп қабырғасында тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғарғы оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды тереңдете игеріп, бойымызға сіңірген жағдайда ғана осындай теріс пиғылды ағымдарға және адасушылыққа тосқауыл қоя аламыз.
Халқымыздың ең басты мақсаты – ынтымақ пен бірлікте бейбіт өмір кешу екенін естен шығармаған жөн.
Ақпарат көзі: Н.Рүстем haqjoly.kz