Жалаң бедел емес, шынайы белсенділік шешеді

«NurOtan» партиясына мүшелікке өткен қатысушылар праймеризге дейін 23 мың адам болса, праймериз басталғалы 31 мың адамға өскен. Бұл партия беделінің артып келе жатқанын және халықтың партияға деген сенімінің күшейгенін көрсетеді.

Ендігі мәселе – праймериз сайлауын әділ де таза өткізу. Олай болмаған жағдайда халықтың партиядан көңілі қалып, үміт мен сенім ақталмай қалуы бек мүмкін. Сондықтан әділетсіздікке, бұрмалаушылыққа жол бермеу партия жетекшілігінің басты мақсаты болып отыр.
Бұл туралы «NurOtan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары М.Қалмұратов және «Лига жақтастары» қозғалысының бақылаушысы, бизнес-тренер Б.Серікбаевтың азаматтық қоғам және праймериз үміткерлерімен болған кездесу барысында айтылды.
Спикерлер праймериз тәжірибесі шетелде әбден уақыттың сынынан өткен, шыңдалып тиімділігін көрсеткенін мәлім етті. Ол тұңғыш АҚШ-та бастау алып, 1842 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Әрине қазақстандық праймериз дәл Американың үлгісіндей өтпеуі мүмкін. Бірақ, спикерлердің пікірінше, сайлауды ұлттық ерекшелігімізге сай барынша ұтымды ұйымдастыруға тырысуымыз керек. Жалпы праймериздің ашық, жабық және аралас түрі бар. Соның ішінде еліміздегі алғашқы праймериз жартылай жабық түрінде өтеді. Осы тұста спикерлер республиканың саяси сахнасында жүрген «Ауыл», «Ақжол» «Қазақстан коммунистік халық партиясы» секілді саяси ұйымдарды да әрекетке шақырып, осындай праймериз ұйымдастыруға үндеді.
– Бірақ, бір «әттеген-айы» олардың тарапынан осы күнге дейін ешқандай қимыл-қозғалыстың болмауы, тым-тырыс жатуы. Егер еліміздегі барлық саяси партиялар әртүрлі жолмен праймериз сайлауын өткізгенде арада бәсекелестік болып, халық өз үміткерін таңдауға мүмкіндік алатын еді. Оның үстіне бәсекелестік жүрген жерде сапа да өседі,– деді М.Қалмұратов.
Бүгінгі таңда елімізде «NurOtan» партиясына мүшелікке қабылданған азаматтар саны 860 мыңға жеткен. Халық санымен есептегенде мүшесінің көптігі жағынан бұл партия Орта Азия елдерінің ішінде бірінші орында келеді. Демек бұл жоғарыда айтылғандай ел өзінің болашағын «NurOtan» партиясымен байланыстырады деген сөз. Қазақстандағы жетекші саяси ұйым елді дамудың даңғыл жолына бастайтынына халықтың шынымен де сенім, үміті зор.
Сонымен бірге спикерлер елдегі саяси-экономикалық және әлеуметтік ахуалдың жақсаруы тікелей қоғамның белсенділігіне байланысты екенін айтты. Олардың ойынша сананы сілкіндіретін, саяси сауаттылықты күшейтетін мезгіл келіп жетті. Әсіресе партия жетекшілігін «NurOtan» мүшелігіне өтіп жатқан жастардың көптігі қуандырады. Өйткені қоғамның қозғаушы күші – жастар. Олар белсенді болса, елдің де саяси-экономикалық саласында жағдай оң бағытқа қарай өзгереді. Сонымен бірге жастардың бойында күш-қуат бар, жаңаша ойлана алады, бүгінгі заманның ырғағымен өмір сүріп, жаһандық сипат алған цифрлық әлемнің көшінен қалып қоймауға тырысады. Сондықтан саясат мінберіне жастардың көтерілуі партия үшін де абырой саналады.
Шымкент қаласынан сайлауға 180 үміткер қатысуда. Солардың арасынан халық жақтап дауыс бергендер, елдің сеніміне лайықтылар ғана жеңіп шығады. Ең бастысы онлайн тәсілмен өтетін бұл саяси науқанда сайлаудың нәтижесі бұрынғыдай тек үміткерлердің сайлау алдындағы жарнамасы мен белсенділігіне қарай шешілмейді, мұнда ең бірінші кезекте праймеризге қатысушының осы күнге дейінгі қоғамға сіңірген еңбегі үлкен рөл атқарады.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті