ЕЛГЕ – СЕНІМ, КӘСІПКЕ СЕРПІН БЕРДІ

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы VІ сайланған Парламент сессиясының ашылуында халыққа кезекті Жолдауын жолдады.

Әлемдік деңгейде сындарлы шақты бастан кешіріп отырған сәтте мемлекет алдында ауқымды мақсаттар мен міндеттер тұр. Экономиканы тұрақтандыру, құқықтық жүйені жетілдіру, нормативтік базаны қайта сараптау, әлеуметтік қамсыздандыру, азаматтар құқығы мен бостандығын қорғау сияқты басты бағыттар бар. Бірақ денсаулық сақтау, медицина саласын дамыту басымдығы қашан да күн тәртібінде алғашқы орында.
Президент Жолдауды дәрігерлердің табандылығына алғыс білдіруден басталуы да осыны дәлелдейді. Пандемия – бәріміз үшін сынақ, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны жеңу үшін кем дегенде 2 жыл уақыт қажет екенін алға тартады. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артады деген ел Президентінің тапсырмасы ақ халатты жандарды ынталандыра түскендей.
Ішкі нарықтың мүмкіндіктерін әлі де болса іске асыра алмай келеміз деген сөзі де ой салады, демек ішкі нарықты дамытуға жұмыс істеуіміз керек.
Ең бастысы, «Негізгі дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдары Қазақстанда өндірілуге тиіс, бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі» деп тұжырымдап, бұл бағытта нақты нәтиже күтетінін айтты.
Шешу жолы қандай? Бұл тапсырманы еңсеруде іс-әрекетіміздің бағыты қалай болу керек?
Отандық тауар өндіруді қолдау, біріншіден, сапалы өніммен елді қамтамасыз етіп, екіншіден, жұмыссыздық мәселесін шешіп, үшіншіден, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, елімізді «тұтынушылық» қыры емес, «өндірушілік» қырынан танытатыны сөзсіз. Келесі маңызы, мұндай отандық кәсіпорындарда медициналық құрылғылар мен бұйымдарды дайындау барысына жоғары оқу орындарында білім алушы болашақ мамандарды тарту – ел ертеңі үшін бәсекеге қабілетті, кәсіби кадр дайындаудың негізі. Осылайша мемлекет қажеттілігі мен тауар өндіруші мүддесін ортақ мақсатқа жұмылдыру – нәтижелі және уақыт күттірмейтін іс.
Медициналық инфрақұрылымды дамыту жайы өз алдына, бюджеттен қаражат та қарастырылған.
«Алғашқы медициналық көмек ауыл тұрғындарына да қолжетімді болу керек, жекелеген аймақтар үшін көліктегі медицинаны жаңарту бойынша шаралар қолға алынады. Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту барлық медициналық ұйымдарды қажетті құрылғылармен жабдықтауға, 50% жатын орын қоры мен ескірген инфрақұрылымды ауыстыруға, осы арқылы өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа жеткізуге мүмкіндік береді» деген жоспарлар алға қойылған мақсаттың ауқымдылығын аңғартады. Ал мақсатқа мемлекет пен жеке меншіктің потенциалын біріктіріп жұмыс жасау арқылы ғана қол жеткіземіз.
Жаңа жағдайдағы экономикалық даму – жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, кәсіпкерлік субъектілері үшін нарықта адал бәсекелестікті қамтамасыз ету, өндірушілік потенциалды арттыру сияқты принциптерге негізделуі тиіс деп атады.
Құқық қолдану тәжірибесін басшылыққа алып, мемлекеттік сатып алулар «бір терезе» қағидаты бойынша максималды түрде ашық өтуі керегін ескертті. Шетелдік сапасыз өнімдердің де кейде сатып алу конкурсында жеңген сәттері болды, бірақ бұл олқылықтардың орнын толтырып, қателікті түзеуге негіз болады. Пандемия жағдайы кәсіпкерлер үшін де оңай соқпады, мемлекет тарапынан жағымсыз экономикалық салдарды еңсеру үшін салық-несиелік жеңілдіктер қарастырылды. Жағдай тұрақтанғанға дейін шағын және орта бизнесті қосымша 6% ставка мөлшерінде субсидиялау тапсырылды.
Біздер, кәсіпкерлер, Мемлекет басшысының бұл бастамалары мен тапсырмалары өте орынды және қолдауға лайық деп білеміз, себебі кәсіпкерлікті дамыту – нарықты сәтті дамытудың құрамдас компоненті.
«Kazmedpribor Holding» ЖШС атынан кәсіпкерлік субъектілеріне айрықша қолдау білдіріп, серпін берген бастамалар үшін
Президентке алғыс білдіремін, ортақ игілік үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз!

Рахат БАЙЗАКОВ,
«Kazmedpribor Holding» ЖШС президенті