Жастар арасында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы кездесулер барысында көптеп қойылатын сұрақтардың бірі – ол діни білімді қалай және қайдан алуға болады.
Бүгінде зайырлы Қазақ елінде Тәуелсіздік алғалы талай білім ордалары құрылып, салалық мамандықтар көбейе түсті. Солардың бірі қазіргі қоғам үшін ең өзектісінің бірі діни білім алу мәселесі. Бұл мәселенің өзекті болып отырған жөні бар қазіргі таңда. Тоқсаныншы жылдары сенім-наным бостандығы тар құрсаудан шығып, еркіндік берілген кезде жастардың алдыңғы легі діни білім аламыз деп Түркия мен араб елдеріне бел аса бастады. Бұған алғашында елдің қуанғаны да рас. Ол жерлерде жастардың қандай, кімнен білім алғандары 2000 жылдары сезіле бастады. Бірі «хизбутшы», бірі «сопы», енді бірі «құраниттер» болып шыға келді. Қазір енді олар бір елде, бір дінді оқыса да, бірнеше ағымның сойылын соғып жүр.
Ал енді сол «діндар» азаматтардың кейбіреулері аяғын тәй-тәй басып, экономикалық іргетасын қалап, ата-салты мен әдет-ғұрпын жаңғыртып келе жатқан мемлекетімізді даму даңғылынан тайдырғысы келеді. Неге? Неліктен? Өйткені олардың басым бөлігі, ислам дінінің қайнар көзінен білім алдық деген оймен, мәзхаб мәселесін ұмытып, ислам ойшылдары мен ұлық имамдарды адасқан деген ұстанымдағы мектептерді өкілдерінен білім алған. Алып та келеді. Ханафи, Малики, Шафиғи, Ханбали мәзхабтарын теріске айналдырып, өздерін сәләфилерміз дейді. Сөйтіп, дәстүр мен ұлттық құндылықтарды аяқасты етіп, уахабизмнің негізгі идеологтары Ибн Баз, Ибн Ханбал, Ибн Таймия секілді «ғұламалардан» және солардың «шәкірттерінен» өзгелерді тыңдамайды да.
Бірінші кезекте тіс қаққан «діндарлар» өз «шәкірттерінің» санасын улап, одан соң оларды ешкімге құлақ аспайтын халге жеткізеді. Сонан соң қанша тырысып бақсаңыз да оның дәстүрлі ортаға оралуы қиынға соғады.
Қазіргі уақыттағы тәуелсіздіктің сыйын жақсы бағалап, ұл-қыздарымызды иманды етіп тәрбиелеу мақсатында мешіт жанынан ашылған сауат ашу, Құран курстарына қатыстырып, діни білімді жетілдіру – уақыт талабы. Балаларымызды да жастайынан еліміздегі медреселерге оқуға беріп, рухани көкжиегін кеңейткен дұрыс.
Егер біз діни сауатты, дінімізге берік, иманымызға кәміл болсақ, бізді ешқашан жау жеңе алмайды. Бүгінгі қазақ халқының талай ғасырдан бері мұсылман болуы сол діни білімді атадан балаға жеткізіп келуінде. Сол ата-бабалымыздың дұғасымен, тілегімен, мұрасымен, білімімен бүгінгі ұрпақ бар және сол ұрпақтың тәуелсіз мемлекеті бар.
Діни білімді ғалым дәрежісіне жеткен, білгір, мойындалған, дәстүрлі бағыттағы шариғат білгірлерден алған дұрыс. Дініміздің фақиһы болу, шариғат мәселелерін терең түсіну – екі дүние үшін де өте қажет. Шариғат білгірі деп иман мен күпірлік, мұсылман мен мұнапық, сауап пен күнә, адал мен арам, жәннат пен тозақ, қай амал жәннатқа, не нәрсе тозаққа жетелейді деген мәселелердің ара-жігін ажыратып, оны терең түсініп, сұрақтарға жауап бере алатын адамды айтамыз. Ал, мұны оқу-білу бақыты Алла нәсіп еткен адамға ғана бұйырады.
Егер жастар діни білім аламын және сол салада еліміз үшін қызмет қыламын десе, діни білімді отандық діни оқу орындарында алған маңызды. Ата-аналар мен студенттер сапалы діни білім алу үшін Қазақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев елдің қиын экономикалық жағдайларына қарамастан, 1993 жылдың өзінде Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетін ашқызды. Алғаш құрылған 2000 жылдан қазіргі кезге дейін университет елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады. Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.
Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде алты жоғары оқу орнында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ мен «Нұр Мүбәрак» университетінде және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде дінтану мамандар даярланады.
Қорыта айтқанда, қазіргі қоғамда жастардың діни білім алуға деген ынта мен жігері қуантады. Жастарымыз елді дамыту жолында діни әрі дүнияуи ілімдермен сусындаса тіптен жақсы. Жер бетінде ғылым-білімді Исламдай ардақтайтын дін немесе қоғам болмаса керек. Өйткені, мұсылман жұртының қасиетті кітабы Құран Кәрімнің ең бірінші түскен аятында: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы», – делінген. Осының өзі адамзатты білімге жетелейтіндігін дәлелдейді.
А.Бектұрғанов
Centre-tur.kz