Дінді енді үйренушілердің бастапқыда білместікпен жиі жіберетін қателіктері:
1. Діни сауатын тереңдетпеу. дінді тек 5 уақыт намазбен, жылына бір тұтатын оразамен және анда-санда берілетін садақамен шектеп қою – үлкен қате.
Намазға қажетті бірнеше қысқа сүре мен күнделікті тұрмыста оқитын кейбір дұғаларды жаттап алумен өзін дінді толық үйреніп алғандай көреді. Осы бір алдамшы «білімнің» салдарынан кейде қарапайым сұрақтардың жауабын біле алмай, қателікке бой алдырып немесе жат ағымдардың қармағына ілініп жатады.
Құлшылық жасаудағы негізгі мақсат – Аллаға жақындау, рухани кәмілдікке жету. Сондықтан тек сыртқы формасын үйреніп қана қоймай, тереңіне бойлауға, мазмұнын түсінуге ұмтылу керек. Ғибадатқа енді ден қоя бастағанда әрбір кісінің ерекше «имани шабыт» сезінетіні даусыз, яғни ерекше алып-ұшқан көңілмен құлшылығын орындауға деген ыждағаты артып, құлшынысы зор болады. Бірақ бұл хәлі өне бойы жалғаса бермейді. Сондықтан көп созбай діни білімді арттырған абзал.
2. Аз уақытта көп нәрсені ұстануға талпыну. Көп кісі енді ғана ғибадат етуді үйреніп жүргенде кеудесін кернеген қуаныштың, ерекше күйдің салдарынан бірден өзгеріп шыға келгісі келіп тұрады. Бірақ мұндайда ата-анасы, отбасы, араласатын ортасы оның бойындағы өзгерістерді қабылдауға қаншалықты дайын екендігін ескергені абзал.
3. Намаз оқыса «мен қиындық атаулыдан азатпын, басымдағы ауыртпалықтың барлығы тез арада шешіледі» деп ойлау, бұл – үлкен қателік. Кейде «мен осынша намаз оқып, дұға жасап, садақа беріп, жақсы істер, т.б. жасап жүрмін, неге менің басымда қиындықтар бар» деп ойлайтын кісілер кездеседі, яғни «құлшылық етсем менің басымнан ешбір сынақ өтпейді» деп ойлау қате. Себебі, біз сынақ әлемінде өмір сүріп жатырмыз.
4. Орынды-орынсыз кез-келген ортада дін жайлы әңгімелеу. Жоғарыда айтып өткеніміздей дін нәзік құбылыс, иманын амалмен ұштастырып, өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған жанның «басындағы хал бөлек». Иманның кәусарынан енді ғана дәм татқан адамның халі бейне бір ғашық жанның күйі іспетті. Бүкіл әлемге мен Оны жақсы көремін деп айқайлап, жария салғысы кеп тұрады, бірақ оның бұл халін көбі түсіне бермейтінін түйсініп, сезімін ақылға жеңдіргені абзал. Ол өзі сезінген қуанышты басқалар да сезінсе екен деген оймен жолыққан әр кісіге, өзі барған әрбір жиында, отырыста дамылсыз дін жайлы айта беруі ықтимал. Бұл жағдай әркімде әр түрлі жалғасады. Десек те мұндай әрекетімен кісі айналасын діннен жирендіріп алуы, не безіндіріп жіберуі мүмкін.
5. Дін ұстанатын кісінің бәрін «мінсіз» деп санау. Кішкентай баланың өзінен үлкеннің бәрін ерекше білімді көретіні секілді, енді ғана дін үйреніп жүрген көп кісі намазды өзінен бұрын бастаған баршаны мінсіз, толысқан, кәміл көруі қалыпты жайт. Бірақ уақыт өте келе олардың да қарапайым, өзіндік кемшілігі мен артықшылығы бар жан екенін көргенде сол кісіге емес, құлшылыққа, дінге қарсы көңілі суып кететіндер де кездеседі. Мұны айналамызда жиі кездесетін «өзі психолог болса да отбасында мәселелер бар ғой» немесе «өзі дәрігер болса, неге ауырады» деген сияқты әңгімелердің басқа қыры десек те болады.
6. Иман бірде ұлғайып, бірде азайып тұратынын ескермеу. бастапқыда үлкен ыждағатпен шабытпен жасап жүрген құлшылықтарды орындауға селқос қарайтын кездер де болуы мүмкін. Ондайда құлшылықты біржола қойып кетуге немесе «күнәһармын» деп өзіңізге ренжіп, үмітсіздікке салынып, жеңілуге асықпаңыз.
Кәміл иман тұрақты әрі күнделікті жұмыстың нәтижесі. Бұл қажыр-қайратыңыз бен күш-жігеріңіз сыналатын алаң. Бұл алаңда бөтен ешкім жоқ, тек сіз және өз нәпсіңіз. Осы жекпе-жекте жеңіп шыға алсаңыз онда шынымен ерлік жасағаныңыз. Бірақ бұл бір реттік, бірнеше күндік немесе бірнеше ай мен жылға ғана созылатын айқас емес, бұл соңғы деміңізге дейін жалғасатын арпалыс. Әрбір жеңісіңіз сізді жаңа биікке шығарып, иманның жаңа бір ләззатын таттырып, өзгеше қырын ашуы мүмкін. Ал әрбір жеңілісіңіз өзіңіздің бұрын байқамай жүрген кем тұстарыңыз бен міндеріңізді көзіңізге ойып тұрып көрсететін үлкен күрес. Әр екі жағдайда да сізге ешкім «неге олай істедің» немесе «істемедің» демейді. Сіз тек іштей ғана, өз әлеміңізде жан берісіп, жан алысып, иманыңызды дін аман сақтау үшін арпалысасыз.
7. Ислам – қисын діні, орта жолды насихаттайтын жасампаз дін екенін түсінбеу. Көпшілік арасында намаз оқитын, рухани өмірін байытуға тырысқан адам күнделікті тұрмыс-тіршілігін өзгертіп, істеп жүрген қызметін тастап, араласып жүрген дос-жаран, туған-туысынан алыстап, бейне бір мына дүниеден баз кешкен күйде өмір сүру керек деген көзқарас бар. Кеңінен жайылған бұл көзқарастың себебін білеміз, әрине.
8. Басқа кісілерге менсінбей қарау. Иә, өкінішке орай, мұсылманшылыққа ден қойғандардың арасында да бұл дерт кездеседі. Жалпы белгілі бір артықшылықтарына сүйеніп өзін басқалардан жоғары санап, менсінбей қарау адам баласына тән қасиет. Оны дер кезінде тоқтатпаса, соңы тәкаппарлықпен тынады. Ал тәкаппар адам жәннаттың иісін де ала алмайтынын хадистен білеміз. Сондай-ақ, Құран Кәрімде «Шындығында Ол (Алла) тәкаппарларды ұнатпайды» («Нахыл» сүресі, 23) делінеді.
Индира Жұмабекқызы