Ақпарат тасқындаған заманда күнделікті қоғамда болып жатқан жаңалықтар мен оқиғаларды халыққа дер кезінде жеткізіп отыру бүгінгі журналистика, ақпарат саласы мамандарының басты міндеті. Осы ретте 2020 жылдың 30 қыркүйегінде Шымкент қаласы әкімдігі жанынан бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылған болатын. Жуырда Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен аталмыш кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Кеңестің мақсаты неде?
Жиынның кіріспе сөзінде қала басшысы «төртінші билік» саналатын БАҚ өкілдерінің ақпарат саласындағы беделі мен абыройын және халық пен биліктің арасын жалғастырушы «алтын көпір» болған маңызды рөлін ерекше атап өтті.
– Кеңестің мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарымен жергілікті атқарушы органның өзара тиімділігін жоғарылату, мемлекеттік органдардың жұмысын журналистер арқылы түсіндіріп, кеңінен насихаттау. Қазіргі таңда әлемде орын алып жатқан түрлі оқиғаларға қарап идеологияның, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының елге керек екендігі айқындала түсуде. Бұл ретте идеология майданында елдің биік мақсаты үшін тер төгіп жүрген қалам иелерінің еңбектері айрықша. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен тығыз байланыс орнату үшін тұрғындарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп отыру және бұл істің нәтижелі әрі сапалы болуын қадағалауды тапсырған болатын. Сондықтан елді ақпараттандыру, идеология мәселесі республиканың әлеуметтік-экономкалық дамуына және қоғамдық-саяси тұрақтылығын сақтауға ерекше ықпал етеді. Бүгінгі таңда тұрғындарды мазалаған барлық проблемаларға жедел түрде назар аударылып отыруы қажет. Сонымен бірге аудан әкімдіктері мен салалық басқармалар тарапынан аталған мәселелерді шешу жолдары қарастырылып, оларды болдырмаудың, алдын алудың мәселесі қаралуы керек. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны ерекше, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қоғам қайраткерлері, ардагер журналистер, жергілікті телеарна басшылары, ақпараттық портал мен баспасөз басылымдарының бас редакторлары мен журналистер қатысқан жиында Шымкент қаласы денсаулық сақтау, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер, энергетика және коммуналдық шаруашылық, сондай-ақ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Шаһар ықтимал жаңа толқынға дайын
Алғашқы болып сөз алған денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов Шымкентте пандемияға қарсы күрес жұмыстарын нәтижелі іске асырып жатқанын және коронавирустың болуы ықтимал жаңа толқындарына шаһардың денсаулық сақтау саласы дайын екендігін жеткізді.
– Коронавирустың алғашқы толқынында компьютерлік томография, ИВЛ аппараттары аз еді. Қазір олардың саны КТ бойынша 19-ға, өкпені жасанды тыныстандыру аппараты 612-ге жеткізілді. Қалада дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры бар. Қосымша резервке әкімдік тарапынан 500 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат көмегімен дәріханалар ең қажетті дәрілермен қамтамасыз етіледі. Коронавируспен тиімді күресу мақсатында 3 сатыдан тұратын арнайы жоспар қабылданды. Жергілікті «Казмедприбор» компаниясы ИВЛ аппаратын шығаруда. Соның арқасында аталмыш аппараттарға сервистік қызмет көрсету мен кепілдік беру мәселесі анағұрлым жеңілдей түсті, – деді басқарма басшысы.
Мәдени астана жылының жабылуы тікелей эфирде өтеді
Мұнан соң мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Х.Есенова саладағы жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда шалғай елді мекендерді кітапхана желісімен қамтамасыз ету мәселесі қолға алынып жатыр. Сонымен бірге цирктің жұмысын жандандыру мақсатында жануарлардың қатысуымен өтетін номерлердің орнына Дю солей, яғни, цирк шоу бағдарламасы бойынша номерлер көрсету туралы ұсыныс айтты.
–21-22 қарашада «Шымкент 2020 жылы – ТМД-ның мәдени астанасы» жылының жабылу рәсімі онлайн форматта тікелей эфирде өтеді– деді Х.Есенова. – Жабылуға арналған іс-шара аясында: 48 қойылым, 99 онлайн іс-шара, 7 театр перфоманстары, 5 пианино перфоманстары,7 үйдің қабырғаларын монументалдық кескіндемемен безендіру, арт-нысандар орнату, ашық аспан астындағы галерея мен кинотеатр, уақыт керуенін ұйымдастыру жоспарлануда. Келесі жылдың мәдени астанасы Душанбе қаласына Шымкент қаласынан 2200 кітап, қаланың символына айналған 2200 қызғалдақ түйнегі, мен қала тұрғындарының ізгі тілектері жазылған 2200 тұмарды жолдауды жоспарлап отырмыз, – деді спикер.
Газ кіргізуге мораторий алынып тасталады
Ал, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ж.Шайхсламов өз баяндамасында салаға 49 млрд. теңге бөлінгенін, осыған орай тиісті коммуналдық жұмыстардың атқарылғанын мәлімдеді. Баяндамада айтылған мәліметтерге сәйкес, қалаға 5 магистарльді су құбыры тартылуда. Соның арқасында мегаполисте алдағы уақытта ауыз су мәселесі толық шешіледі. Сондай-ақ, қалада кәріз жүйелері біршама тозған. Соларды жаңарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Келешекте ескірген кәріз жүйелері шаһардағы барлық шайынды сулар ағатын құбырлардың 50 пайызынан аспайтын болады. АГРС-3 нысаны биыл аяқталса, табиғи газбен қамтылған елді мекендердің үлесі 92,1 пайыздан анағұрлым жоғары арта түспек.
Ж.Шайхсламовтың айтуынша, 2019 жылғы мораторий алынып тасталған. Соның нәтижесінде тұрғындарға үйге табиғи газ кіргізу үшін газдың техникалық шарттарының құжаттары биылдан бастап беріле бастады.
Қоғамдық көліктерді жаңалау керек
Өз кезегінде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов қаладағы 416 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын соның арқасында жалпы жолдардың 60 пайызы жақсара түсетінін айтты. Болашақта шаһарда төрт маңызды автожол магистралі болады. Ол қаладағы көлік кептелісін азайту үшін және жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында керек. Осыған байланысты бүгінгі таңда аталған жоспарды жүзеге асыру бағытында бірнеше жобалар іске асырылып отыр. Соның бірі – Қонаев даңғылын кеңейту жобасы. Жоспарға сәйкес қомақты қаражат қарастырылып, сол қаржыға алдағы кезде Қонаев даңғылын Ташкент тасжолымен жалғастыратын көпірге қосу жұмыстарын аяқтау көзделуде.
– 250 ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді және 56 млрд. теңгеге 76 шақырым жол жөнделді. 260 аялдама қойылды, 10 бағдаршам орнатылды. Келесі жылы қала көшелеріндегі қиылыстарда қосымша тағы 15 бағдаршам пайда болады. Қоғамдық көліктердің кешкі уақытта тоқтап қалуының себебін анықтау бойынша сауалнама жүргізілді. Оның қорытындысына сәйкес сұралған 21 мың тұрғынның 75 пайызының жауабын сараптай келе бұл мәселенің басты проблемасы қоғамдық көліктерді жаңалау қажеттігіне келіп тіреліп тұрғаны анық болды. Алдағы уақытта тиімсіз 17 маршрут қысқарса, жаңадан 14 маршрут іске қосылады, – деді Е.Жолдасов.
КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАЙДЫ
Қоғамдық кеңесте баяндама жасаған басқарма басшыларының сөзінің түйінін қала әкімінің өзі таратып отырды. Қазір әлемді коронавирус індеті теңселтіп тұрғаны жасырын емес. Сол Еуропаның өзінде бықсып қалады дейтіндей емес, қауіпті кесел Ресейді де тәлтіректетіп тастады. Ресеймен шектес Шығыс Қазақстан облысындағы шиеленіскен жағдай Қазақстанның қай облыс, қалаларына да сақадай сай отыру қажеттігін ұқтырады.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы алғашқы толқында біраз қателіктер жіберілгенін жасырмай айтып, бүгінде пандемияны ауыздықтауға барша жұмыстар атқарылып жатқандығын деректермен сабақтады. Бұл ретте Шымкент қаласының әкімі
М.Әйтенов Қонаев пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында салынып жатқан жолайрықтың маңыздылығына тоқталып өтті. Осыған байланысты Мұрат Дүйсенбекұлы бір жылда 150 мың көлік тіркелген мегаполисте көлік саны жылдан-жылға өсіп бара жатқанын сондықтан жолайрық құрылысы кейінге қалдыруға болмайтын өте керекті жобалардың бірі екендігіне тағы бір мәрте көпшіліктің назарын аударды.
– Маған бір ақсақал келіп, жолайрықтарды әзір салмау мәселесін айтты, – дейді
Мұрат Дүйсенбекұлы. – Аға, қазір салып үлгермесек бір-екі жылда қалада көлік кептелісінің көкесі болады дедім. Қала халқы тез өсіп жатыр. Қазір бір миллион халық болса, аздаған жылдарда екі миллионға жетеді. Сондықтан, көлік тығынын болдырмау үшін қазір үлгеріп қалуымыз керек.
Осылай деген қала әкімі бұл іске Белорусь мемлекетінің тәжірибесі пайдаланатындығын айтты. Кеңес барысында журналистердің сауалына жауап берген қала әкімі
Шымкенттің болашағы туралы ойын өрбітті.
Бүгінде Алматы қаласы өзінің шектеу деңгейіне жетті. Халық көп. Өрісін кеңейтуге жер, табиғат жағдайы көтере бермейді. Нұр-Сұлтан қаласының болашағы зор. Сосын Шымкент. Ұлы Жібек жолының бойында отырған қаланың экономикалық әлеуеті зор. Сіздер мен біздер осы мақсатқа бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.
Қалада күрмеулі мәселелер көп. Енді алаңдатқан жағдайларды таразылап, шешудің жолын бірлесе талқылайық. «Келісіп пішкен тон келте болмайды». Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан құрылған бұқаралық ақпарат құралдары өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес осылай қорытындыланды.
Кеңес барысында журналистер тарапынан оқылған баяндамалар бойынша түрлі сауалдар қойылып, БАҚ саласының тиімділігін арттыру, беделін көтеру мақсатында бірнеше ұсыныстар айтылды.
Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті