Бұл дүниеде Алла Тағаланың игілігінен кейін ізгілік пен мейір-шапағатты молынан еш сұраусыз, керісінше шексіз сүйіспеншілікпен және аса ризалықпен үйіп-төгу көрінісі тек ата-ананың перзенттеріне деген қарым-қатынасында ғана бар.
Балаларына деген ыстық ықыласты мейірім мен махаббат олардың жүректерінде, тұла бойларында, жандары мен тәндерінде біте қайнасып қалыптасқан сүйексіңді қасиеттер.
Құдіреті күшті Алла Тағала Өзінің разылығын ата-ананың разылығына байланысты еткен. Әке-шешесі разы болған пендеге Жаратушы да разы. Керісінше, ата-ана разы болмаса, Алла Тағала да наразы.
Абдулла ибн Амрден (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында». Термези риуаят еткен. Әрбір адам үшін әкенің орны бір төбе. Әке де ана сияқты пенденің жұмаққа жетуіне себепкер бола алады.
Өзінің ата-анасымен бірге басқаның ата-анасын да құрметтеу әрбір мұсылманға парыз. Өйткені басқаның әке-шешесін құрметтемеу өзінің әке-шешесін құрметтемеумен тең. Ол жайында мынадай хадис бар.
عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ عَمْرٍو، رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مِنَ الْكَبَائِرِ شَتْمُ الرَّجُلِ وَالِدَيْهِ»، قَالُوا: يَا رَسُولَ اللهِ وَهَلْ يَشْتُمُ الرَّجُلُ وَالِدَيْهِ ؟ قَالَ: «نَعَمْ، يَسُبُّ أَبَا الرَّجُلِ فَيَسُبُّ أَبَاهُ، وَيَسُبُّ أُمَّهُ فَيَسُبُّ أُمَّهُ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ، وَمُسْلِمٌ، وَأَحْمَدُ، وَالتِّرْمِذِيُّ، وَأَبُو دَاوُدَ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Астан (оған Алла разы болсын) былай деген: «Бірде Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үлкен күнәлардың бірі адамның өзінің әке-шешесін балағаттауы», – деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Адам өз әке-шешесін сөге ме екен?» – деп сұрады. Сонда ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, ол бір адамның әкесін сөгуі арқылы өзінің әкесін сөгеді, шешесін сөгуі арқылы өзінің шешесін сөгеді», – деп жауап берді» (Бұхари, Мүслім, Ахмет, Термези, Әбу Дәуіт риуаят еткен).