Дін адамды адастырмайтын шамшырақ, құндылықтарды қасиеттеп, құрметтеуге үйрететін үлгі мектебі. Халықтың мәдениетінің, рухани әлемінің негізі.
Дін мәселесі — өзекті тақырып. Қазіргі таңда дінді саяси құрал немесе қаржы көзі ретінде пайдаланушылардың қарасы көбейіп, өз мүдделері үшін жұмыс жасауда. Жастарымыз дәстүрлі емес жат діндердің соңына көзсіз кетуі, қоғамнан оқшаулануы әрбір азаматты, ата-ананы қатты алаңдатады. Жастардың дінге бет бұруы дұрыс-ақ, бірақ қай бағытта екені ойландыратын мәселе.
Ата-бабаларымыз ұстанған Ислам діні үлкенді сыйлауға, кішіні құрметтеуге негізделген. Ислам діні – адамзатқа жіберілген ең соңғы кемел дін. Ислам діні – ғаламдық мәдениет пен өркениет жолы. Ислам қандай болсын ұлтқа, дін өкілдеріне қарсы шықпайды және басқаларды бірлікке шақырады. Қайта олармен әлеуметтік деңгейде жақсы қатынаста болуға шақырады.
Қазіргі таңда мынау дұрыс емес, харам, күнә деп ата-анасына қарсы келіп жатқан жағдайлар орын алып жатқанын көпшілігіміз естіп те, көріп те, алаңдап та жүрміз. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән бермесек, онда біздің мемлекеттің болашағы бұлыңғыр деп айта аламын.
Бала тәрбиесі жөнінде Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады. Ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе содан жұғады» — деп, осы үшеуіне баланың болашағы байланысты екенін ескерткен.
Діни тұрақтылық ең маңызды мәселе екенін ұмытпауымыз керек. Жастарға ақылшы болып жүрген дін атын жамылушылар «әке-шешең намаз оқуға рқұқсат бермесе, оларды тыңдамауыңа да болады» деп ата-ана мен перзент арасындағы сыйластыққа сызат түсіруде. Нәтижесінде ата-анасынан гөрі ұстазы жақын болып кетіп жатады, ал Ислам діні отабасына, әсіресе оның негізгі екі тірегі – ата-анаға ерекше мән берген. Әуелі Жаратушы алдындағы борыштарымыздан кейін бірден ата-анаға деген міндеттеріміздің келуінде де ерекше мән бар. Қасиетті Құран Кәрімнің «Әнғам» сүресінің, 151 – аятында: «Сіздерге Раббыңызды нені харам еткенін білдірейін, Оған (Аллаға) ешнәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!» деп білдірген.
Өзін тура жолда деп есептейтіндер діншілдіктің белгісі сақал қою, хиджап кию деп санайды. Діннің тонынын жамылған әсіре діншілдерге және жат ағымға бойұсынғандардың ұстанымында: отан, дәстүр, ұлт тіптен ата-ананы құрметтеу ұғымдары жоқ десем де болады. Дәстүріне, ата-анасына, мемлекетіне қарсы шыққан азаматтың елмізге пайдасынан зияны көп.
Сондықтан елдің бірлігін сақтау үшін мемлекеттік идеологияға сүйену қажет. Отбасындағы тәрбие ең алдымен отаншылдық, елдік бірлік – ынтымаққа тәрбиелейтін мемлекетшіл идеология болу керек. Онымен қоса отбасынан бастап оның егізіндей етіп, рухани-мәдени өзекте діни тәрибені қалыптастыру керек. Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатында идеология жоқ деуге болмайды. Бірақ ол идеология өз еліміздің оқшау қалуына емес ортақ әлемнің озық үлгілеріне де жол ашатын, жаңашыл болғаны жөн.
Қорыта айтар болсақ халықтың санасында қуатты егемен ел болу үшін мемлекеттің материалдық байлығына ғана емес идеологиясына байланысты. Әрине, елдің қуатты болуы қазынаға да тәуелді, бірақ, халық рухани байлықтан жұрдай, ұлттық санадан алшақ болса мұның барлығы бекер. Себебі қашанда елдің болашағы, дамуы қазынамен өлшенбеген, ұлттық құндылықтар мен рухани байлыққа негізделген.
Шымкент қаласының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің директоры Мади Бесбаев