«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сай жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар (өз қызметін тұрақты емес немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда) және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдар өздерiнiң жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары атқаратын лауазымдарға тiкелей бағынысты болатын лауазымдарды атқара алмайды, сондай-ақ жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары тікелей бағынысында бола алмайды.
Мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе соларға теңестірілген функцияларды атқаруға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар өздері лауазымды атқаруға үміткер ұйымның басшылығын осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы және (немесе) жекжаттары туралы жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.
Осы заңның талаптарын бұзатын адамдар, егер олар көрсетілген бұзушылық байқалған кезден бастап үш ай ішінде оны ерікті түрде жоймаса, осындай бағыныстылықты болғызбайтын лауазымға ауысуға тиіс, ал осындай ауысу мүмкін болмаған кезде осы қызметшілердің біреуі лауазымынан шығарылуға немесе көрсетілген функциялардан өзгедей босатылуға тиіс.
Сонымен қатар, аталған заңда ескертпелер беріліп, түсіндірмелер жасалған. Яғни, осы Заңда жақын туыстар деп ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылар, асырып алынған балалар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), атасы, әжесі, немерелері, жекжаттар деп – жұбайының (зайыбының) ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), ата-аналары мен балалары түсініледі.