Сыбайлас жемқорлықпен күресуде электрондық технологияларды қолданудың қазақстандық тәжірибесі жоғары бағаланды

         Сыбайлас жемқорлыққа қарсы электрондық технологияларды қолданудың қазақстандық тәжірибесі ЕҚЫҰ-ның жыл сайынғы экономикалық-экологиялық форумының күн тәртібінде көтерілді.

Атап айтқанда, мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін арттыруға ықпал ететін мемлекеттік басқару саласындағы соңғы цифрлық жаңалықтармен агенттік төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов таныстырды.

Жемқорлық көріністерін азайту тұрғысында бірқатар мемлекеттік қызметтерді, лицензиялауды, сот ісін жүргізуді, кедендік және салықтық әкімшілендіруді «электрондық желіге» көшіру маңызды қадам болды.

Қазақстанның жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – қоғамдық қатысу мен бақылау құралдарын дәйекті кеңейту.

Электрондық үкіметтің дамыған құрылымы әрбір қазақстандыққа үйден шықпай-ақ бюджет шығыстарын бақылауға, нормативтік актілердің жобаларын талқылауға қатысуға, кеңес алу мен шағым айту үшін онлайн жүгінуге, сондай-ақ мемлекеттік органдардың тиімділігін ашық бағалауға мүмкіндік береді.

Форумға қатысушылар Қазақстанда енгізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы цифрлық құралдардың дамуы мен тиімділігін жоғары бағалады.

Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі — Елші Петер Буриан Қазақстан Президентінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалары мен таяуда халыққа Жолдауында айтылған қоғамдық бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын ерекше атап өтті.