МҰХАМЕДЖАН ЕСТЕМІРОВ: «ИСЛАМДА ТЕРРОРИЗМ ДЕГЕН ЖОҚ»

Елімізде Тәуелсіздік жылдары Қазақ­стан үшін беймәлім, жаңа “дәс­түрлі емес” діни ұйымдар пайда болды. Атап айтар болсақ,  пресвитериандық және методизм, протестанттық конфессиялар, сондай-ақ “Жаңа аспан” сияқты протестанттық шіркеулер, “Сайтан шіркеуі”, “Саен­тология шіркеуі” сияқты діни бірлестіктер көріне бастады.

Олар, өздерінің іс-әрекеттерін заңды тұрғыдан тыйым салынғандығына қарамастан жасырын әрекет етіп келе жатқан діни ағым «Хизб ут Тахрир», «Таблиғи жамағаты», «уаһабшылар  немесе сәләфилер», «Исматуллашылар, зікіршілер», «Ахмадия» сияқты  ұйымы.

Миссионерлік – діни ұйымдар­дың ілімдерін таратуға арналған діни және саяси қызмет. Мұндай ұйымдардың шоқындыру саясаты Африка және Азия халық­тары арасында қарқындап, мақсат­ты түрде жүргізіліп отыр. Миссио­нерлік ұйымдарға бірқатар елдердің мемлекеттік құрылымдары, қайы­рым­дылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар, қаржылық топтар мате­риалдық және моральдық  тұрғы­дан көмектесіп, ортақтаса жұмыс жасайды. Миссионерлер баратын ел халқының дінін, тарихын, әдет-ғұрпын, ділі мен психологиясын зерттеп біліп барады.

Көптеген миссионерлер жергі­лікті халық басым елді мекендерде тұрып, сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын өз қызметтерін табысты атқару үшін жетерліктей деңгейде зерттеп, үйренеді. Елімізде протестанттық және неопротестанттық шіркеу­лердің миссионерлік қызметтері халқымыздың діни бірлігі мен ынтымақты өміріне кері әсерін тигізеді.

Жұмыссыздар, өмірден өз ор­нын таппағандар, рухани күйзелісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық  қиын­дықтарға төзе алмағандар, Ислам дінін терең білмейтіндер, әсіресе жастар миссионерлердің үгіт-насихатына тез ілігеді.

Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Ислам, христиандық  (православия бағыты) және иудей діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтары ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнық­тырудағы маңызы ерекше. Олар қоғамымызда достықты, өзара құрмет пен түсінісушілікті ны­ғайтуға  қызмет етеді. Қазақ хал­қының  мәдениеті мен руханияты Ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі. Елімізге Ислам діні күшпен емес, бейбіт жолмен енді. 

 Ислам құндылықтары мен ислам философиясын, ислам мәдениеті мен өнерін дамыту мен жаңарту ісіне қазақ халқы маңызды және зор үлес қосты. Ортағасырлық мұсылмандық фило­софиялық ойының қалып­тасуы мен дамуына қуатты сер­піліс берген қазақ  даласының  ойшыл­дары Әбу Насыр  әл-Фара­би, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұни және басқаларының мұралары ислам өркениетінің асыл қазынасы.

Күллі адамзатқа ортақ құндылықтардың бір — дін. Дін рухани байлық пен ізгіліктің, татулықтықтың, сабырлықтың, төзімділіктің, барша жақсылық атаулының бастау жолы.

Мешіттердегі уағыздарда да халықтардың бірлігі мен ынтымағына үлкен мән беріледі. Өйткені ынтымағы мен бірлігі күшті ел ғана қандай қиындықты болса да жеңеді. Аллаға шүкір, өтпелі кезеңнің қиыншылықтары артта қалуда. Ел экономикасы аяғынан тұрып келеді. Халықтың тұрмыс жағдайы мен әл-ауқаты да біртіндеп жақсарып  келе жатқанын көріп отырмыз және оған шын жүректен қуанамыз.

Дін өкілдері де жас мемлекетіміздің рухани тірегі, тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі, этностығының үлкен белгілері – мәдениетіміздің көркейіп, тіліміздің кіріптар халден құтылып, сайын даласында еркін самғауы жолындағы мұраттардан тыс қалмауға тиіс. Қазіргі таңда әсіресе елдің рухын көтеріп, отаншылдық сезімін ояту, күшейту қажет деп санаймыз. Сөйтіп дініміз арқылы да ертеңгі күнге – қазақ елінің болашағына, ұлттық бірлігімізді нығайтуға  қызмет ету  әрбір ел азаматының ең үлкен міндеті деп білеміз.

Әйтсе де, біздің ұлық дінімізге соңғы кездері түрлі жағымысыз «измдерді» таңып, қара күйе жағуға тырысушылық байқалуда. Мұның астарында әлдекімдердің тасада тұрып тас атуы, көздеген белгілі бір мақсаты жатыр деуге әбден болады.

Исламда терроризм де, басқа да «измдер» жоқ.  Бұлардың дінімізге он қайнаса сорпасы қосылмайды. Токиодағы метрода улы газ шашып қаншама адамның өліміне апарып соқтырған «Аум Сенрике» сектасын ешкім де «Будда терроризмі» деп атаған жоқ.

Батыс елдерінің бірі болып саналатын Испанияда бірнеше жарылыстар болды. Бірақ ешкім де оны сол елдің дінімен байланыстырған жоқ. Бұзақы топтардың аты аталып, түсі түстеліп анықталды. Ислам білім, ғылым діні. Ғылым қаншалық дамыған сайын қасиетті Құран Кәрім де дами түседі.

Біз дінімізді түрлі саяси мақсатқа пайдаланғысы келетіндерге жол бермей, әрі олардың жетегіне кетпей, біртұтас Қазақстан үшін жұмыла жұдырық болып, діндер арасындағы түсіністікке, диалогқа жол ашып, жікшілдік пен фанатизмге тосқауыл болуға тиіспіз деп санаймыз.

Ислам діні адамдарға тек руханият жағынан ғана емес, дүнияуи жағынан да мәліметтер береді, мына өмірдің ізгі жолын түсіндіреді. Ислам қағидаларының бәрі де ақылы бар адамға түсінікті һәм логикалық үндестігі сақталған. Исламда түсініксіз, зиянды, керітартпа қағидалар мен бұйрықтар жоқ.  

Дiн – бір ұлттың меншiгi емес. ол адам таңдамайды. Мейлi ол қара болсын, ақ болсын, бай болсын, кедей болсын, бөлiп жармайды. Исламият бүкiл ғаламдық дiн болғандықтан, ұлтшылдықты, нәсiлшiлдiктi қоштамайды. Бiр ұлттың немесе нәсiлдiң басқаларға үстемдiгiн қабылдамайды.

Әр азамат өз қарақан басын ғана ойлап, сөз бостандығын қалқан етіп біріміздің біріміз жағамыздан алып, жазықсыз да негізсіз жала жауып, сүріндіруге тырыссақ, өзіміз де, еліміз де қасірет шегеді. Осыны ұмытпаған жөн дер  едік.

Ата-бабаламыз  «Ырыс алды – ынтымақ»,  «Бақ қайда барасың деп сұрағанда, Бақ ынтымаққа, бірлікке, сабырлыққа барымын деген».  Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың пайдасы да, ғибраты да мол. Жаратушы Иеміз бір,  кітабымыз бір, пайғамбарымыз бір, мазһабымыз бір, Отан біреу, жер біреу, тіл біреу. Ендеше базбіреулердің неге бөлінгісі  келеді? Неге кейбіреулердің үй ішінен үй тіккісі келеді?  Егемен ел болып, еңсесін көтерген халқымызды жерге қаратпайық. Елдің, діннің, тілдің ертеңін ойлайық. 

Бүгінгі күні халық пен жер, дін, Отан тұтастығын сақтап, дербес те тәуелсіз мемлекеттігімізді одан әрі баянды етуден артық міндет жоқ.

 Кемеңгер, ақын Абай атамыздың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегендей, әр уақытта ауызымыздан Алланың сөзі, қолымыздан  Құран Кәрім түспесін дегім келеді.

 Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бас имамының орынбасары

Ақпарат көзі: haqjoly.kz