ДІН ЖӘНЕ ДӘСТҮР

Қазақ халқы үшін дін мен дәстүр егіз ұғым. Ежелден ата-бабаларымыз дін мен дәстүрді ұштастыра білген. Дін деген адамның наным сенімі болса дәстүр бір халықтың сан ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру салты. Құдайдың бұйырған әмірлеріне қарсы келмейтін дәстүрге ислам діні қарсылық танытпайды. Бұрынғылар бізге қарағанда дінді де, дәстүрдіде, тереңінен түсінген. Сол себепті қазақ халқының тарихында дінге бөлінген немесе елдің арасында іріткі болған деген дерек кездеспейді.Себебі қазақ халқыдініне де, дәстүрінеде, берік болған. Қазіргі күнде дінді түсінуде біркелкілік жоғалғандығын байқау қиын емес. Оған себеп ретінде көптеген факторларды мысалға келтіруге болады. Бірақ, осы факторлардың ішінде ең үлкен ақиқаты қазақ халқының Кеңес үкіметі тұсында дінінен және салт-дәстүрінен айрылып қала жаздағанын айтуымызға болады екен.

Өйткені осы кезде қазақ халқы өте рухани құлдырауға бет бұрып, өздігін жоғалтуға шақ қалды. Егемендік алғаннан кейін көптеген жастар, дініміз қайта өзімізге оралды деп шет ел асып діни білім алуға кетті. Шет елде дұрыс ортада да, бұрыс ортада да білім алған азаматтар болды. Кейіннен елге келіп барлығы өз білгенінше адамдарға діни үгіт насихат жүргізе бастады. Шетелде діни білім алдым деген көптеген азаматтар діни білім мен оқыған елінің мәдениетін шатастырып алды. Яғни дінді уағыздап жатырмын деп өзге елдің мәдениетін уағыздады. Міне, осыдан кейін елде қазақ болғанына өкініп, қазақ халқын адасушылықпен айыптап, барлығын адасқанға шығаратын топтар пайда болды. Қазақ салт-дәстүрін исламдағы бидғат, ширк деген терминдерді дұрыс қолданбай, сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан ата баба дінін, дәстүрін жоққа шығарды. Қазақ салт-дәстүрін жоққа шығарғаннан кейін халық жанашырлары бұл ұстанымға қарсылық танытты. Бірақ, көп азаматтардың діни білімі болмағандықтан жалған сопылықтың, тәңіршілдік ұстанымдарына бет бұрып,  адасушылардың саны арта түсті.

Дәстүрді жоққа шығаратын топтармен күресемін деп, өздері де адасып кеткенін байқамай қалды. Міне, осыдан кейін діни білімі бар, қазақ халқының салт-дәстүрін білетін және осы екі ұғымды бір-бірімен байланыстыра алатын ғалым-ғұламалар пайда бола бастады. Қазақ халқына ислам дінін ұстану жаңалық емес.Дәстүрді жоққа шығару бір халықтың тарихын, мәдениетін, тілін, әдет-ғұрпын,  жоққа шығару. Егер бір халықтың бойынан осы нәрселер табылмаса онда ол елдің егемендігі болмайды. Қазіргі деструктивті діни ағым өкілдерінің барлығы Қазақстанның егемендігіне қауіп төндіруде. Жат ағымды ұстанушылар Құрандағы мына аятты көрмеген сыңай танытады.  Құранда Алла Тағала «Біз сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттық, бір-бірлеріңді танып білулерің үшін» ­- деген. Алланың өзі бізді қазақ етіп жаратқан соң қазақ болып қалуымыз керек. Егер кімде-кім өзінің ұлтынан намыстанатын болса, онда ол Алланың жаратылысына қарсы деген сөз. Көбіне салт-дәстүрді жоққа шығарушылар негізінен діндіде, дәстүрдіде толық білмейтіндер. Егер дәстүрді білсе дінге қарсы шықпайды. Ал, дін ғылымдарын терең меңгерген болса дәстүрді жоққа шығармайды. Бұл екі ұғымды бір-бірінен бөліп қарамау керек. Егер біреуіне басымдық берілген жағдайда біздің болмысымыз бұзылатыны хақ. Дін мен дәстүрді  біртұтас  құбылыс ретінде қарау керек. Тарихқа көз жүгіртер болсақ  басқыншы елдер бодан жұрттың ұлттық белгілерін, дәстүрлерін ұмыттыруға тырысқандығын көреміз. Кейіннен оларға өздерінің тілі мен дінін, мәдени құндылықтарын, салт-дәстүрлерін әкеліп тықпалаған. Ал, өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңірген елдің болашағы болмайды.

Мұсылмандық ата-бабамыздың шариғаттың шеңберінде қалыптасқан ұлттық дәстүріне нұқсан келтірмеуі тиіс. Не болса соны «мұсылман дінінде олай емес» дегенді айтып, ата салтымыздан, ұлттық ғұрып, ұлттық ерекшеліктерімізден бас тарта берсек, ежелден қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрден ештеңесі де жоқ, кеше ғана пайда болған халық сияқтанып қаламыз. Кез келген ұлттың жүріп өткен жолы мен ұзын-сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, болашағына болжам жасайды.Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы» – деп бекер айтпаған. Ата-бабалардың бізге жүктеген аманатын болашақ ұрпаққа таза күйінде жеткізе алу керекпіз. Олай болмаған жағдайда ата-баба аманатына қиянат жасаған боламыз.

«Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» — деген нақыл сөздер бекер айтылмаған. Баяғыда дәстүрдің өзі халықты тәрбиелеп отырған. Сол себепті қылмыс аз болған.Осынша бай тарихқа мол дәстүрге ие болған халыққа қарсы жұмыс жасайтындарға қарсы Елбасы өзінің болашаққа бағдар рухани жаңғыру атты мақаласында «Біз  жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деген болатын.

Қорыта айтқанда, жалаң дінді ұстану да, жалаң дәстүрмен шектелу де біздің болашағымызға зиян келтіреді. Рухы биік, болашағы зор халық болу үшін өзінің дініне берік, салт-дәстүрін ұмытпай құрметтейтін халық болу керек.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Айдос Уралбаев